Суббота, 20.04.2024, 12:02
Приветствую Вас Гость | RSS

Қазақша рефераттар сайты

Кітапхана сайты
Меню сайта
Категории раздела

Каталог файлов

Главная » Файлы » Реферат

АқАН СЕРІ ҚОРАМСАұЛЫ
02.03.2013, 17:39

Азды-көпті дәулеті бар әкесі Қорамса мұсылманша сауат алған Ақанды ауыл молдасы етпек болады. Бірақ бала кезінен домбыра тартып, әнге, өлеңге құмар болып өскен Ақан, басына сәлде орап, мешіт ұстаудың орнына қайда жиын-той, шілдехана, алтыбақаны бар жерге аңсары ауа береді. Бойшаң, келбетті, әдемі ашық үні бар жігітті қай жерге барса да құрметпен қарсы алатын болған. Сол кездегі дала өмірінің аса қызық түрі: жүйрік ат, қыран құс, алғыр тазы ұстау еді. "Сері" деген атаққа осы шарттар лайық-тұғын.

Ақанның жас та болса жан-жақты дарын иесі екенін таныған алыс ағайындары оған Құлагер атанған тай, Қараторғай атанған бүркіт, Көкжендет атанған қаршыға сыйлайды.

Тай кезінен баптап-күтіп, жаратқан Құлагер ат бәйгесінің алдын бермейтін жүйрік болып шығады. Атығай, Қарауыл деп аталатын Арқадағы қалың ел ішінде қандай жарыс болса да, Құлагердің шаңына ілесетін қылқұйрықты табылмайды. Құлагердің даңқы Ақанның әншілік атағымен қоса шығады. Аққошқар Сайдалы деген кісінің бес болысқа сауын айтқан асында Құлагер үш жүз аттың алдында қара үзіп келеді. Бұл оқиға Ақанның көңілін көтеріп, бұрынғы қайғы-қасіретін ұмыттыра бастайды.

Құлагер жай жетелеп жүргенде жүйрік атқа ұқсамайды екен, аяғын ілбіп қана маң-маң басып жүреді екен. Сол жүрісінің ырғағымен Ақан "Маңмаңкер" атты тамаша ән шығарған. Бұл - жұмсақ, нәзік, кербез ән. Аздаған мұңы да бар. Бәлкім, нәзік жүректі әнші күллі елдің атын шығарған сәйгүліктің жүрісі арқылы ерте қайтыс болған екі ғашығы Фатима, Ұрқиямен көңіл қоса алмағанына өкініш, мұңын білдірген шығар...

Құс салып, ит жүгіртіп, атын бәйгеге қосып, көңілін көтеріп жүргенде Ақан Жүсіп төренің үйінде оның Жамал атты сұлу қызына көзі түседі. Екеуі біраз сырласып, көңіл қоспақ болады. Бірақ ескі қазақ салты бойынша бұрыннан айттырылып, қалың малы төленіп қойған қыз әке-шешесінің ықтиярын аттай алмайды. Тойы болып, ұзатылғалы жатқан қыздың ауылы сыртынан Ақан түн ортасында атақты "Сырымбет" әнін шырқайды. "Қарындас-ау, енді есен бол!" - деп аяқталатын бұл ән талай әншілердің орындауында тыңдаушылардың жүрегін қозғап, сезімін оятқан.

Ақанның "Қараторғай" атты бүркіті біраз жыл өткен соң қартайып, қанаты бар болғанымен құйрығының қауырсыны түсіп, сиреп, ұшса да жерге қона алмай, аспанда шырылдап жүретін болған. "Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады" деген халық мәтелі бар. Бір кезде түлкіні де, қасқырды да құр жібермейтін бүркітінің мүшкіл халін көрген нәзік жүректі Ақан ойға батып, қатты тебіренеді. "Қараторғай, ұштың зорға-ай. Бейшара, шырылдайсың жерге қонбай!" - деген зарлы қайырмамен аяқталатын "Қараторғай" атты ғажайып ән осылай туған. Бұл әнде өзі қосыла алмаған сүйген қыздарының да бейнесі бар. Әнші мен қыран құстың тағдыры қатар елестейді.

Ереймен жақта Сағынай деген атақты кісінің асына арнайы шақырылғанда, күндеушілері көп Ақан барғысы келмеген деседі. Бірақ ауыл-елдің беделді адамдарды кеу-кеулеп, Ақан Құлагері арқылы тағы бір абырой алмақ болады. Бұл асқа Батыраш, Қотыраш деген байлардың балалары да келген еді. Олардың да жүйрік аттары бар. Құлагердің бәйгеге қосылатынын естіген олар, егер аттары олардан кейін келе жатса, қастандық жасайтын адамдар дайындайды. Ол кезде бүгінгідей айналып шабу жоқ, аттар ұзаққа жіберіледі... Құлагердің алдымен келе жатқанын көрген әлгі адамдар қамыс ішінде жасырынып тұрып, Құлагерді шоқпармен ұрып өлтіреді.

Соңғы жұбанышы, қызығы болып жүрген сәйгүлігінің бұл өлімі онсыз да қам көңіл Ақанды зар еңіретеді. Ол айтқан "Құлагер" әні осы күнге дейін тыңдаған адамның сай-сүйегін сырқыратады. Бұл оқиғаны дауылпаз ақын Ілияс Жансүгіров "Құлагер" атты поэмасында бейнелеген.

Категория: Реферат | Добавил: Beibarys
Просмотров: 1586 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Бөлім
Поиск

Www.Sak.clan.su © 2024
Создать бесплатный сайт с uCoz