Пятница, 29.03.2024, 17:31
Приветствую Вас Гость | RSS

Қазақша рефераттар сайты

Кітапхана сайты
Меню сайта
Категории раздела

Каталог файлов

Главная » Файлы » Реферат

АБАЙ ҚұНАНБАЙұЛЫ
02.03.2013, 14:55

Абай Құнанбайұлы - қазақтың ұлы ақыны, сазгер, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі. Шын аты - Ибраһим. Туған жері - бұрынғы Қарқаралы ауданына қарасты Шыңғыс тауының баурайы. Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Әкесі Өскенбайұлы Құнанбай өз заманындағы атақ-даңқы алысқа кеткен беделді адамдардың бірі болған. Патша өкіметі ХІХ ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекіткен. Шешесі Ұлжан - Орта жүздің Арғын тайпасынан Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық, әзіл-әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы.

Осындай текті ортадан шыққан Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт ұлдың бірі Абай жастайынан-ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Балаға сыншы әкесі осы баласынан қатты үміт етеді. Сондықтан да ол Абайды медреседе төрт жыл оқығаннан кейін, оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегіндегі ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Көп ұзамай, жетпісінші жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ онысынан пәлендей көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады. Орыс әдебиетімен танысуы көп ықпал етеді.

Абай өлең шығаруды бала кезінде-ақ бастаған. Алайда, жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі - өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі - ғақлия (немесе қара сөз) деп аталатын прозасы; үшіншісі - өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.

Абай өлеңдерін қағаз бетіне 80-жылдардың ортасында түсіре бастайды. "Сап, сап, көңілім", "Шәріпке", "Абыралыға", "Жақсылыққа", "Кең жайлау" өлеңдері 1870-80 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы - "Қансонарда" 1882 жылы жазылған. Бастан-аяқ динамикалық суреттерден тұратын бұл өлең қазақ әдебиетінде қалыптасқан дәстүрлі ұғымдардан өзгеше, ішкі ой иірімдері терең.

Абайдың ұлылығын танытатын өлеңінің бірі - "Өлсе өлер табиғат, адам өлмес". Осы өлеңнің бастапқы тармағындағы сөздердің мәнісіне үңілсек, табиғат сөзін қалыпты мағынада алып, аспан мен жер, күн мен айды айтып отырған сияқты. Олардың өмірі адам өмірінен ұзақ екені талассыз. "Адам өлмес" деп, бірден кесіп айтқан ойын Абай төмендегідей жалғастырады:

...Ол бірақ қайтып келіп ойнап күлмес,
"Мені" мен "менікінің" айрылғанын.
"Өлді" деп ат қойыпты өңкей білмес.

... Дәл осы өлеңінде "мен" және "менікі" деген ұғымдарды Абай ажыратып, дәлірек айқындамайды. Келесі шумақта:

...Көп адам дүниеге бой алдырған.
Бой алдырып аяғын көп шалдырған, -

дей келіп, алғашқы ойын тікелей жалғастырғандай:

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған... - дейді.

"Адам өлмес" дегенінің мағынасын өзі өлсе де, кейінгіге сөзі, айтқан ойы қалады деген пікірге саяды.

Абай "Өлең - сөздің патшасы" өлеңінде "Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел!" - деп жұртшылықтан поэзияның жоғары қоғамдық міндетін түсіне білуін талап етеді. Абайдың өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылары мол. "Сегіз аяқ", "Сен мені не етесің", "Қансонарда бүркітші шығады аңға", "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым", "Жаз", "Желсіз түнде жарық ай", "Болыс болдым, мінеки", "Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?" өлеңдерінің қай-қайсысын алсақ та, мүлде тың дүние, шығармашылық жаңалық. Абай біртектес өлеңдер жазуға ұмтыла бермейді. Абайдың жылдың төрт мезгілін суреттейтін - "Қыс", "Күз", "Жаз", "Жазғытұры" секілді бір топқа, циклге жататын өлеңдерінің де әрқайсысы мазмұн-мағынасы, суреттеу тәсілі жағынан әр түрлі болып шыққан.

Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік-шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын "Масғұт" және "Ескендір" деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы көзқарасы ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның экономикасы мен ой-пікірінің прогресшіл бағытта даму ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады. Дүниетану процесінде екі элементтің - сезім мен логиканың, түйсік пен ақылдың қатынасын мойындайды. Сондықтан да: "Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз" деп жазады.

Жалпы Абай халықтың өмір шындығын, көрген білгенінің бәрін шығармаларына түсіріп отырады. Ол мектеп ашуды, бала оқытуды, ғылымды білуді, халықты ағартып, оның мәдениетін көтеруді - қазақ өмірін прогресшіл жолмен өзгертудің негізі деп санайды. Қазақ арасындағы берекесіздіктің, басқа кемшіліктердің түп тамыры надандықта, оқымағандықта деп түсінеді, халқының "көңіл көзін" ашу үшін жастарды білім алуға шақырады.

Абай көрген, Абай сынаған еріншектік, бекер мал шашқыш дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірік-өсекке әуестік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік, т. б. сияқты сорақылықтар қазақ сүйегіне біткен биогенетикалық қасиет пе жоқ әлде қоғам болмысынан жұғысты болған нәубет пе? Міне, тарихи шындық үшін де, ғылыми ақиқат үшін де, әсіресе, Абайдың сыни зердесін шыншыл қалпында тану үшін де айрықша мәні бар мәселе осы болса керек. Себебі, Абайдың сыни зердесін сөз еткенде әрісі "қу заманға" топырақ шашып, берісі "жабайы қазақты" күнәлап, сонан соң Абайды заманынан да, қоғамынан да, ұлтынан да асып туған дана еді деп қайыра салу оңайдың-оңайы. Алайда мәселенің түйіні - Абай сынап отырған жағымсыз құбылыстардың тарихи-әлеуметтік сыр-себебін тап басып, саралай білуде болса керек.

Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы - экожүйеге бейімделген біртектес өмір салттың ғана нәтижесі емес, сонымен бірге этникалық арман-аңсардың (идеал) да біртұтастығына айғақ. Олай болса, Абай сынының тезіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты сорақылықтар қазақ халқының бойындағы туа біткен биогенетикалық қасиеті емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси-әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда қазақ бойынан Абай көрген "кемшіліктерді" себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашылады.

1891 жылдан бастап Абай басына ауыртпалық түсіп, бір-біріне ұласқан қайғы бұлты ашылмай қояды. Осы жылы ақынның сүйікті інісі Оспан өледі. Одан кейін орысша әскери білімі бар, үлкен үміт күткен баласы Әбдірахман қайтыс болады. Бұлардың қазасының ақын жанына қандай батқаны оның осы тақырыпқа арнаған топтама өлеңдерінен айқын көрінеді. Сөйтіп жүргенде соңғы сүйенішіндей болған дарынды ақын баласы Мағауия да қайтыс болады. Осындай қабаттасқан қайғы-қасіреттен күрт сынған Абай Мағауияның қазасынан кейін қырық күннен соң, өзі де дүние салады. Ақынның сүйегі Шыңғыстаудың ығындағы Жидебай мекенінде, інісі Оспанның жанына жерленеді. Бұл күнде ол арада қазақтың ұлы екі перзенті - Абай мен Шәкәрімге деген ұрпақтың өшпес махаббатының, ізгі құрметінің белгісіндей болып, сәулет өнерінің соңғы үгісімен салынған қос мұнаралы кешенді алып мазар тұр.

Категория: Реферат | Добавил: Beibarys
Просмотров: 1242 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1
1 Сымбат  
0
кушти

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Бөлім
Поиск

Www.Sak.clan.su © 2024
Создать бесплатный сайт с uCoz