Ахмет Жұбанов - Реферат - Каталог файлов - Пайдалы ақпарат порталы - Sak.clan.su
Вторник, 06.12.2016, 11:10
Приветствую Вас Гость | RSS

Қазақша рефераттар сайты

Кітапхана сайты
Меню сайта
Категории раздела

Каталог файлов

Главная » Файлы » Реферат

Ахмет Жұбанов
01.03.2013, 18:54

 Aлпысыншы жылдарғы Алматы. Жасыл мәуеге малынған маужыр қала. Соғыс кезінде азды кем тұрып, дәмін татып, көзі жұмылғанша тамсана мадақтап өткен ақын Владимир Луговской тауып айтқандай – "Город вещих снов”. Жайраңдаған жайдарман ортадағы жадыра думаннан соң жайлы төсекте жатып, таң алдында тамсана көрген тамаша түстей жайсаң шаһар. Күн сайын түс ауа ағыл-тегіл құйып өтетін ақ нөсерден кейін күміс бауыр жапырақтарын жарқ-жұрқ жалтылдатып, жамыраса сыбдырласқан ақ балтыр қайыңдар арасында мың сан періште бір-бірімен үздіге сыбырласып тұрғандай. Мұзарт құздардан мөлтеңдей құлап, көше сайын мөлдірей шапқыласқан меруерт моншақ тау суын жағалап, қырық сан қызыр серуендеп жүргендей. Аттаған сайын амалсыз кідіріп, бас киіміңді қалай жұ­лып алғаныңды білмейсің. Өйткені, қарсы алдыңнан ол кездегі исі қазақтың бәрі де: "Шіркін-ай, бір көрсем-ау?” – деп жүретін аты әйгілілердің біреуімен қалай да ұшырасып қаласың.

 

Ол кездегі сондай жаппай аңсарымызды аударатын жайсаңдарымыздың бірі  Ахмет Қуанұлы Жұбанов еді. Көзқарақты қазақтың қай-қайсысы да ғылым десе – Қаныш Сәтбаевты, әдебиет десе – Мұхтар Әуезовті, батырлық десе — Бауыржан Момышұлын еске алатын. Ал саз өнері дегенде көз алдына төбесіндегі туырылып тұрған тұнық ауада әуелей самғап жүрген әдемі әуенді қармап алғысы келгендей, салалы саусақтарының арасындағы ақ сүйір сиқыр таяқшасын ойнақшыта сермелеп, көк бурыл бұйра шашы желді күнгі толқындай дудырап Ахаң, Ахмет Жұбанов, тұра қалатын. Ол лекция оқиды, дирижерлік етеді дейтін жерге тайлы-таяғымыз қалмай  тегіс ағылатынбыз. Қырау көмген қылаң шашына лайық киім киісі, тіп-тік еңсесі мен шалқақ басына лайық жүріс-тұрысы, кеңірдегіне күш салмай, естір құлаққа ғана еншілеп, ерінінің ұшымен емескілеу тіл қататын биязы дауысы – бәрі-бәрі терең парасат пен биік талғамнан тағылым танытқандай. Қол созым жерде тұрып, ұшар шыңның басынан тіл қатқандай. Көз жетпестей алыс, қол жетпестей биік көрінетін. Сондай қиялыңмен ғана аймалай алатындай арман тұлғамен көзі мен көзің, сөзі мен сөзің тоғысатындай жерден бетпе-бет жүздесіп, емен-жарқын тілдесе қоямын деп кім ойлаған?!.

 

Қайран жастық албырттық-ай! Өз жүрегің өз кеудеңе симай, өрекписің де жүресің. Қараптан қарап тілің қышиды. Дүниенің барлық кетік-кемшіні баяғыдан бері сені күтіп жатқандай. Сен айтсаң, бәрі де өзгеріліп, жөнге басып кете қоятындай. Университет бітірмей жатып, "Қазақ әдебиетінде” қазақ фильмдерін сынап "Ниет пен нәтиже” дейтін мақала жазып киногерлерді, "Лениншіл жаста” Алматы архитектурасын сынап "Телмірген терезелер, қағанақ қабырғалар” деген мақала жариялатып, сәулетшілерді бөрі тигендей бөрліктіріп дәндеп алған басым   "Күйдің де күйін ойлайық!” деп дабыл қағайын. Редакция телефондары тағы да безгек тигендей безілдей жөнелсін... Біреуін көтеріп қалып ем, көзім атыздай болды: "Бұл — "Лениншіл жас па? "Иә”. "Әбіш бар ма екен?” "Тыңдап тұр”. "Бұл — Ахмет Жұбанов қой”. "Саламатсыз ба, Ахмет Қуанұлы?!” "Қалқам, мақалаңды оқып жатырмыз. Кафедра отырысында талқыламақпыз. Ертең сағат он бірде, консерваторияда. Қолыңыз тисе, қатысқаныңызды қалаймыз”. Мә, саған безгелдек! Қуанғанымды да, қобалжығанымды да білмеймін.

 

Айтылған уақытта консерваторияға бардым. Өңшең сахнада ғана көретін ығай мен сығай. Ахаң қақ төрді емес, қапталдағы қабырғаны бойлап жапсарлас қойған орындықтардың ең түпкісін иемденіпті. Қасында бір орын бос тұр. "Келіңіз, келіңіз!”— деп, мені соған отырғызды. Қызу талқы басталды да кетті. Ешкім мақалаға тиіскен жоқ. Қайта онда сөз болмаған соны мәселелер көтерілді. Газет бетінде оларға да орын беруге уағдаластық. Тіл табысып, тарастық. Қоштасқалы қолымды созып ем, Ахаң сағатына үңілді. "Түскі үзіліс болыпты. Сосын өзім апарып салармын”,— деп, есікке қарай бастай жөнелді. Көкшіл ме, сұрғылт па — әйтеуір бозғылт киінетін академиктің үстіндегі киіміне өңдес мәшинеге жайғасып жатып жұрт білетін бір оқиға ойыма түсті. "Әлгі Хамаң отыратын мәшине осы ма?”— деп едім, Ахаңның оң жақ иығы бүлк ете қалды. "Иә, сол, қалқам. Хамаң ол күні әлденеге буырқанып, қошқар тұмсығын қолақпандай қылып, әнтек әуелетіп, қой тү­неткен жердің иісін сезген арлан бөрідей, құлағын тікірейтіп, едірейіп отыр екен. Орнымыздан қозғала бергенде, ігір де жоқ, мігір де жоқ: "Аха, сіз осы, өлең танисыз ғой. Құдайы шыныңызды айтыңызшы, қазіргі ақындардың қайсысы мықты деп санайсыз?”— деп салғаны. Әрірек кетсем, бір пәлеге ұшырарымды білдім. Беріден оралып: "Өзіңді ғой, Хамитжан!”— дедім. Батырың қапелімде мүдіріп қалды. Соны пайдаланып: "Расында да, сенен басқа қайсысының шофері академик?!”— дедім. Сол-ақ екен, мәшинемнің бөксе тұсы бүлкілдеп қоя берді. Рахаттана бір күліп алған ақын: "Аха, Алла риза болсын!”— деп, алғыс айтты”.

 

Ахаңның жымиып қойып, жайбарақат баяндай салған әлгі әңгімесіне мәз болып отырып, жетер жерімізге қалай жетіп қалғанымызды да байқамаппыз. Хайуанаттар бағының құбыла бетіндегі тұйық көшеге келіп тоқтадық. Қақ маңдайдағы көк шарбақта суретші Әбілхан Қастеев, ал күн батыс қапталдағы есік-терезесін көкпен бояған тәпене үйде Ахаң тұрады екен. Атақты адамның қаралай пысы басып, үй ішіне дұрыстап көзім де түспеді. "Жеңгең балаларына кеткен болды”,— деп Ахаң өзі шәй қойды. Дастархан үстінде не әңгімелескеніміз анық есімде қалмапты. Әйтеуір, түскі үзілістен соң Ахаң қызметіме өзі жеткізіп салды. Ол күні менің де "шоферім академик” болып, өзімді редакциядағы "ең мықты” қызметкер сезініп, қомпиып жүрдім. Бірақ, жұрт мақтаншақ екен дер деп, ол күні түскі шәйді қайдан ішкенім жайында ешкімге тіс жарғаным жоқ. Бір күні жігіттер сеңдей сығысып отырған біздің бөлмеге қыз көре келген күйеудей сызданып Ахаң кіріп келгені. Көбелек қуалап жүрген кісідей аяғын еппен басып, ерінін болар-болмас қимылдатып, бәрімізге жағалата бас изеді. Біз орнымыздан атып-атып тұрдық. "Әбішжан, мынау әнеукүнгі күй туралы пікір алысуыңызға жазылған нәрсе еді”,— деп, папкасынан қағаз суырды. Ол — кейін кітаптарына енген "Сөз күй жөнінде” дейтін мақаласы еді. Әйгілі ғалымның қолжазбасын көмекшілерінің бірін жұмсамай, өз аяғынан әкеліп тапсырған қарапайымдығына қайран қалыстық.

 

Кейін сазгер алпысқа толғанда, сол оқиға естеріне түсті ме, редакция басқа қызметте жүрген менің мақала жазып беруімді қолқалады. Бұл жолы Ғылым ака­демиясына іздеп бардым. Терезесі терістікке қараған аядай бөлме. Иін тірестіріп қойылған үстелдер. Аяқ басар жер жоқ. Босағаның қыр көзінде қобыраған қалың бума қағаздардың арасында басы ағараңдап Ахаң отыр. Әңгімесін тыңдап, мерейім өссе де, жұмыс орнын көріп, көңілім құлазып қалды. Бірақ, мұнысын да ұлы адамның кішіпейілдігіне жорыдым. Мүшелтой күндері сала құлаш мақалалар жарияланып жатты. Кешқұрым телефон шылдыр ете қалды. Көтерсем — таныс дауыс. Әдеттегідей мығым емес, әлденеге жүрексініп тұрғандай. "Қалқам, жақсы лебіздер аз айтылып жатқан жоқ қой. Бірақ, сен көйлектің ішкі бауындай өнердің өз адамының сөзін айтыпсың. Рахмет. Амандық болса, хабарласамыз ғой!”— деді. Бір жағынан масаттансам да, бір жағынан көкірек тұсым шым ете қалды. Жұрттың көпшілігі төбесімен көк тіреп тұр ғой деп ойлайтын асқаралы тұлғаның әлгі бір жасқаншақ сөз ләмі мен қажыңқы үнінен арасында не жүргені белгісіз бейтаныс орманға енді аяқ басқан бейсауат адамдай қаралай жүрегім лоблып, қобалжып қоя бердім.

 

Көп ұзамай Ахаңның зайыбы – Науат жеңгей дүние салды. Бір топ кісі болып кіріп шықтық. Қатты қимастығы көрініп тұрса да, отырысы нық, әңгімесі ширақ еді. Арада аз уақыт өте өзі төсек тартып қалды. Ауруханадан санаторияға шығыпты дегесін, іздеп бардық. Сүйек-сүйегі арса-арса болып, сылынып қалыпты. Жанары тұңғиықтанып, бет алды көгіс тартқан. Жұрттың жасқана қойған сыпайы сауалдарына тек жауап, мезірет қана жасап, ағыл-тегіл ақтарылып кетпей, кібіртіктеп, іркіле сөйлеп отыр. Өзін емес, естір құлақтарды аяғандай, көкірегіндегі айтып тауыса алмас лек-лек сырды көмейіне тұншықтырғандай, бәрімізді көзімен шолып, еміренгені де, мүсіркегені де белгісіз, иегін болар-болмас қимылдатып, қайта-қайта мүдіріп, үн-түнсіз қалады. Сол жылы сары күзде мен әскерге кеттім. Бықсыған қоңыр күзде Алматы Ахаңмен қоштасыпты. Әлгіндей-әлгіндей санаулы мезеттер, енді құдайдан қанша тілесең де қайтып оралмас тылсым сағынышқа айналды. Аяулы Ахаңның өз аузынан ести алмай қалғандарымызды білмек болып, көзқарақты адамдардың аузына үңіліп, арғы-бергі кітаптарды ақтармалаудан басқа амал қалмады. Сөйтсе, пайғамбар жасына жетер-жетпесте көз жұмған оның өмір жолы, расында да, екінің бірі тұмсық батыра бермейтін, ат көпір айдау жолдан бір бүйір бұрыс жатқан оқшау орман сияқты екен. Оның қатпар-қатпар қалың жынысын әлі ешкім жүрегі дауалап түгел аралап, толық сүзіп шыға қоймағандай.

Категория: Реферат | Добавил: Beibarys
Просмотров: 262 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Бөлім
Поиск

Www.Sak.clan.su © 2016
Создать бесплатный сайт с uCoz