АХМЕТ ЖұБАНОВ - Реферат - Каталог файлов - Пайдалы ақпарат порталы - Sak.clan.su
Вторник, 06.12.2016, 11:15
Приветствую Вас Гость | RSS

Қазақша рефераттар сайты

Кітапхана сайты
Меню сайта
Категории раздела

Каталог файлов

Главная » Файлы » Реферат

АХМЕТ ЖұБАНОВ
02.03.2013, 17:42

Ахмет Қуанұлы Жұбанов - қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі сазгер, дирижер. Қазақстанның халық артисі (1944), өнертану ғылымының докторы (1943), профессор (1948). Туып-өскен жері - Ақтөбе облысының Темір ауданы. Топырақ бұйырған жері - Алматы қаласы. Жас кезінде ауылдасы Талым күйшіден, ауыл мұғалімі Қ. Ашғалиевтен, әкесі Қуаннан, ағасы Құдайбергеннен тәлім алып, музыка өнеріне ден қояды. Темірде орыс халық аспаптар әуесқойлары оркестріне жетекшілік ететін П. Черняктан сольфеджио, скрипка, музыка теориясы бойынша сабақ алады. 1929 жылы Ленинградтың М. И. Глинка атындағы техникумында (А. А. Этигонның скрипка класы бойынша), консерваторияда (профессор Ф. А. Ниманның гобой класы бойынша, кейіннен музыка тарихы мен теориясы факультетінде) оқыған.

Сазгер ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне өзіндік мелодиялық өрнек қосқан ондаған ән мен күйдің, романстар мен хорлардың, аспаптық-симфониялық және вокальдық шығармалардың авторы. А. Жұбановтың сазгерлік шығармаларының көрнектілері - Л. Хамидимен бірлесіп жазған "Абай" (1944) және "Төлеген Тоқтаров" (1947) опералары, қызы Ғ. Жұбанова аяқтаған "Құрманғазы" (1970) операсы.

Ахмет Қуанұлы Жұбанов - қазақтың музыкалық мәдениетін зерттеп тануда, жорып түсіндіруде және жүйелеп насихаттауда жаңа сапалы биіктен көрініп, кезеңдік мәні бар қажыр-қайрат көрсеткен тұлға. Өз кезіндегі музыкалық білім сатыларының бәрінен өткен кемел білім иесі, оған қоса Тәңірі тал бойына ғажайып қабілет пен ұлтжандылық сезімін дарытқан А. Қ. Жұбанов 1933 жылы Алматы музыкалық драма училищесіне ұстаздық қызметке келеді. Осы кезден бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін ол қазақтың музыкалық мәдениеті деген жалпылама ұғымды ұлт болмысындағы нақты категориялық мәні бар рухани құбылысқа айналдыру үшін тыным таппастан еңбек етті. Бұл ретте, Ахмет Қуанұлы адам қабілетінің қандай құдіретті болатынын нақтылы да нәтижелі істерімен көрсете алды. Алғашқы музыкалық әліппе, қазақ музыкасын зерттейтін ғылыми кабинет, музыкалық сынақ шеберханасы, Ғылым академиясындағы өнертану секторы, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімі, Қазақтың халық аспаптары оркестрі, Қазақтың мемлекеттік филармониясы, Қазақ консерваториясы, ондағы халық аспаптары кафедрасы, Қазақтың музыкалық театры, қазақ музыкасы туралы оқу құралдары, міне, осының бәрінің ұйтқысы А. Қ. Жұбанов болды. Мұның сыртында дирижерлік, ұстаздық, ғылыми-зерттеушілік, қоғамдық, әсіресе шығармашылық жұмыстарының өзі сала-сала болып, құнарлы арналарға ұласады.

А. Қ. Жұбановтың мұрындық болуымен қырқыншы жылдары ұйымдастырылған ғылыми экспедиция сексенінші жылдарға дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 10 мыңдай ән-күй нұсқаларын жинаған. Қазақтың кәсіпқой халық композиторларының өмір дерегін жинастырып, шығармаларын нотаға түсіріп, одан соң кәнігі әнші-күйшілерге үйрету арқылы халықтың рухани игілігіне айналдыруда теңдессіз еңбекқорлық пен іскерліктің үлгісін Ахмет Қуанұлының өзі көрсетіп отырды.

А. Қ. Жұбановтың ғалым, педагог, сазгер, орындаушы және ұйымдастырушы ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне сіңірген еңбегі ұлттың мәдени-рухани шежіресіндегі ең көрнекті белестердің бірі болып қалады.

Категория: Реферат | Добавил: Beibarys
Просмотров: 620 | Загрузок: 0 | Комментарии: 2 | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Бөлім
Поиск

Www.Sak.clan.su © 2016
Создать бесплатный сайт с uCoz