ДәУЛЕТКЕРЕЙ ШЫғАЙұЛЫ - Реферат - Каталог файлов - Пайдалы ақпарат порталы - Sak.clan.su
Вторник, 06.12.2016, 11:15
Приветствую Вас Гость | RSS

Қазақша рефераттар сайты

Кітапхана сайты
Меню сайта
Категории раздела

Каталог файлов

Главная » Файлы » Реферат

ДәУЛЕТКЕРЕЙ ШЫғАЙұЛЫ
02.03.2013, 17:34

Дәулеткерей Шығайұлы 1820 жылдар шамасында қазіргі Орал облысының Орда ауданында ауқатты отбасында дүниеге келген. Әкесі Шығай да, Бөкей ордасының ханы Жәңгір де оны бала жасынан ел билеуге, төрелік салтанат құруға тәрбиелеген. Алғашқы уақытта ол сол елдегі жеке-жеке руларды басқарып көреді. Бірақ билікте жүрген адамның амалсыздан қатігез болатынын ол нәзік жүрегімен ерте түсінеді. Туысы Жәңгір ханның қарапайым қазақтардың жерін тартып алып, шұрайлы, өзен-сулы жайылымдарды, қыстауларды кең даламызға бойлай еніп келе жатқан орыс отаршылдарына беруі Дәулеткерейдің де ызасын келтірген. Тікелей қатыспаса да XIX ғасырдың орта тұсындағы Исатай, Махамбет көтерілісіне тілектес болған деген дерек те бар. Мұны оның "Жігер" атты күйінен байқауға болады.

Атақты музыка зерттеушісі, академик Ахмет Жұбановтың айтуына қарағанда, Дәулеткерейдің туған жиені, Кеңес өкіметінің тұсында өмір сүрген Науша Бөкейханов күйшінің елу шақты күйін тартады екен. Даңқты сазгер туралы, құнды деректер берген де сол кісі көрінеді. Дәулеткерей бала кезінде молдадан оқып, мұсылманша хат таныған. Ресейде білім алып, кейін генерал дәрежесіне дейін жеткен хан Жәңгір Ордада балалардың орысша білім алуына да жағдай туғызыпты. Дәулеткерей орысша үйреніп, оқи да, жаза да алатын болған. Кішкентайынан-ақ оқымысты бала атанған. Домбыраны тамаша орындаушы Мүсірәлі деген күйшіден шеберлікті үйренген. Оның үстіне сұлтандардың қысқы мекеніне айналған Ордаға қырқыншы жылдардың бас кезінде Саратовтан драма және эстрада артистері шақырылады екен. Дәулеткерей орыс және Еуропа музыкасымен жастайынан танысқан деген жорамал бар. Ол орыстың балалайкасында шебер ойнапты. Сондай-ақ гитара мен мандолинаны да тарта білген. 1854 жылы француз саяхатшысы Паули сызған суреттің нобайымен Чередеев салған акварельде күй тартып отырған Дәулеткерей, одан басқа да аспаптарда орындаушылар бейнеленген. Ең қызығы - ортада билеп жүрген еркек бейнесі бар.

Оның алғашқы шығармаларының бірі "Ақжелең". Бұл күй Ақбала деген өнерлі де сұлу қызға арналған.

Дәулеткерейдің "Қоңыр", "Желдірме", "Керілме", "Ысқырма", "Қосішек" дейтін күйлері тіршілік-тұрмыстағы әр алуан көріністерді бейнелейді. "Жұмабике" деген күйінің тарихы былай: ол кезде қыздар кішкентайынан өзі білмейтін біреуге атастырылатын салт болған. Кейін бойжеткенде, өзі сүймесе де, сол жігітке ұзатылуға тиіс. Бұған наразы жігерлі қыздар Уақытша кеңес дейтін билігі бар мекемелерге арыз айтып баратын болған. Қыз сөзі расталып, шындықтың бет пердесі ашылса, азаттық алады екен. Міне, асқан әнші, ақындық өнері рулы елге ерте танылған, өз талабымен еркіндік алған Жұмабике деген қызға ризалық сезімін Дәулеткерей күй арқылы жеткізген.

1855 жылы Екінші Александр патшаның таққа отырып, тәж кию салтанатына қатысқан өкілдердің ішінде Дәулеткерей де бар еді. Оны делегация құрамына кіргізудегі мақсат - бірте-бірте ел басқару тәртібін үйрене берсін дегендік еді. Бірақ ол патша колонизаторларының сарайымен емес, озық ойлы Ресеймен, Пушкин елімен танысуға келген. Ол осы сапардан көрмегенін көріп, естімегенін өз құлағымен естіп қайтады. Еуропа сазгерлерінің оркестр ойнаған шығармаларын тыңдайды. Өзі өлең жазбаса да поэзияны жүрегімен түсінетін күйші екі жылдан кейін Пушкинге, ақынның өзі оқыған лицей жанынан ескерткіш қоюға Бөкей ордасынан қаржы жиналған кезде, бірінші болып өз үлесін қосқан.

Дәулеткерей 1861 жылы Қызылқұрт елінің билеушісі боп тағайындалған соң, бір жылдан кейін күй атасы Құрманғазымен кездескен. "Дәулеткерейдің Құрманғазымен әңгімелесіп, халық дәстүрі үлгісіндегі басқа да домбырашыларды көріп тануы, оның музыкалық творчествосына қатты әсер етеді", - деп жазады академик Ахмет Жұбанов. Құрманғазы және оның шәкірттерінің ең үздік музыкалық шығармалары дауылдатқан екпінімен, тастай тегеурінділігімен, өршіл батылдығы, кең тыныстылығымен ерекшеленеді.

Дәулеткерейдің халық тағдырын, елдің еркіндікке ұмтылу сезімін бейнелеген "Топан", "Жігер" атты күйлері тегеурінділігімен қоса тақсірет көрген ержүрек адамның салмақты, салиқалы тебіреніс-толғанысын бейнелейді. "Жігер" туралы Затаевич былай деп жазған:

"Бұл күй - дыбыстық мүмкіндігі аз домбыраның тар көмейіне сыймай, тасып жатқан терең де мол, көтеріңкі лептегі мән-маңызы зор шығарма".

XIX ғасырдың жетпісінші жылдары қайтыс болған Дәулеткерей, ұзақ уақыт өмір сүрмесе де артына өлмес, өшпес мұра қалдырып кеткен ұлы күйшілердің бірі.

Категория: Реферат | Добавил: Beibarys
Просмотров: 642 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Бөлім
Поиск

Www.Sak.clan.su © 2016
Создать бесплатный сайт с uCoz