Вторник, 16.04.2024, 19:59
Приветствую Вас Гость | RSS

Қазақша рефераттар сайты

Кітапхана сайты
Меню сайта
Категории раздела

Каталог файлов

Главная » Файлы » Реферат

ЕСІМ ХАН
02.03.2013, 17:51

Қазақта "Қасым салған қасқа жол, Есім салған ескі жол" деген қанатты сөз ежелден бар. Керей мен Әз Жәнібек негізін қалаған Қазақ хандығы әуелде әлсіз, жаңа-жаңа қаз тұрып келе жатқанды. Қазіргі Қазақстанның күншығысында, Жетісуда дулаттар, жалайырлар, албан, суан, наймандар, тағы басқа ру-тайпалар құрған күшті мемлекет Моғолстанға келіп, жер сұраған ақордалық бауырларына Есенбұға хан Шу-Іле тауларының Қозыбасыға дейінгі жерін бөліп берген. Сол заманның көне көзіндей болып, күні бүгінге дейін атын жоғалтпай, Шу бойында Хан тауы, хандар құс салған Сұңқар шыңы алыстан мұнартып, қол бұлғап тұрғандай.

Қаз-қаз басып, ту көтерген Қазақ хандығы жан-жағына алаңдай қарап, күн көруге мәжбүр болған. Шығысында Ойраттардан, батысында Әмір Темір әулеті билеп тұрған Сырдария мен Әмудария арасындағы күшті мемлекет Мауреннахрдан, солтүстігінде Сібір хандығынан қауіптенетін Моғолстанға қалқан, қорған тәрізді өмір кешті. Әсіресе, өздеріне кектеніп қалған хан Әбілхайыр әне-міне шабуылға шыға ма деген үрей бар. Қалайда Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының туын жыққан жоқ, олар дүниеден өткен соң билік Қасым ханның қолына тиді. Ол мұсылман дінінде болғанмен отырықшы елдердегі тәртіп, заңға ұқсамайтын көшпенді халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, салт-санасына, ой-көзқарасына орай жаңа заң-тәртіп орнатты. "Қасым салған қасқа жол" дейтініміз сол. Қасым нұсқаған жолдың негізгі мақсаты - Қазақ мемлекетін күшейту, халқын көбейту, жерін кеңейтутұғын. Ол бұл жолда күні-түні аттан түскен жоқ, іргедегі мемлекеттердің өзара және ішкі алауыздықтарын, араздықтарын пайдаланып, досынан да, қасынан да одақ таба білді. Соның нәтижесінде Қазақ хандығының жері Сарыарқаны қосқанда сонау Жайық жағасына дейін кеңейген еді. Қасым хан өзінің бақталасы өзбек ханы Мұхаммед Шайбаниді тізе бүктіріп, Сыр бойындағы қалалардың басым көпшілігін Қазақ хандығына қаратқан. Оның ақылды, алғыр, батыл қимылдарының сарыны орыстың Ұлы князі Василий ІІІ-ге де жетіп, дипломатиялық байланыс орнатқан. Қазақ халқы дербес халық ретінде Батыс Европаға да әйгілі бола бастаған. Бұл жөнінде Австрия дипломаты Сигизмунд Герберштейн жазбаларында бар. Әйгілі тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати: "Қазақ хандығы мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес" - деп тегін жазбаса керек. 1523 жылы Қасым хан өлгеннен кейін оның мұрагерлері арасында таққа, баққа таласу өріс алып, Қазақ хандығы біраз әлсірейді де, Хақназар тұсында (Қасым ханның баласы) қайта өрлейді. 42 жыл бойы тақтан түспеген Хақназар (Ақназар) "қазақтар мен қырғыздардың патшасы" аталған. Сол тұста ыдырай бастаған Ноғай ордасынан қаңлылар, қыпшақтармен бірге Кіші жүз - Алшын одағына енген тайпалар түгелімен Қазақ хандығына келіп қосылғаны мәлім. Тіпті Ноғай ордасының астанасы Сарайшық қаласы да Хақназарға қарағанын айта кету керек.

Әйтсе де сырттағы жаудан іштегі жаудың ақыл-айласы артық екені анық. Ташкент билеушісі Баба сұлтан астыртын адамдар жіберіп, қапылыста қазақ сұлтаны Жалымды екі баласымен, Хақназарды екі ұлымен қоса өлтіртіп жіберген. Екі жыл өткен соң Баба сұлтанның да басына зауал туып, Түркістан қаласының түбіндегі ашық шайқаста Тәуекел бастаған қазақ қолы Баба сұлтанның әскерін талқандап, өзінің басын алған.

Тәуекелден кейін тарих сахнасына 1598 жылы Есім хан шығады. Ол бұдан бұрын да ағасы Тәуекел ханның қолбасшысы ретінде талай шайқастарға қатысып, "Еңсегей бойлы Ер Есім" атанған еді. Тәуекел Бұхараны қоршағанда ол 20 мың әскерімен Самарқантты билеп тұрған. Ауыр жарақаттан қайтыс болған ағасының орнына хан сайланған Есім отыз жыл бойы буыны жаңа бекіп келе жатқан Қазақ мемлекетін қорғау, күшейту жолында қанын да, жанын да аяған жоқ. Шығысында қалмақтармен, солтүстік батысында Бұхара хандығымен үздіксіз шайқасуға тура келген. Көрші жатқан қазақ ауылдарын үнемі талан-таражға салып, ұлдарын құл, қыздарың күң етуге ұмтылған қалмақтардың бетін қайтаруы, кейде тіпті өзі де жорыққа шығып, шекарадан алысқа қуып тастауы түсінікті жағдай, ал өзімен қандас, халқы аралас-құралас Бұхара хандығымен неге жауласты дейсіз ғой? Бұған бірнеше себеп бар.

Әмудария мен Сырдария аралығындағы Әмір Темір ұрпақтары билеп отырған Мауреннахр мемлекетімен, іргедегі Иранмен, Ауғанстанмен сауда-саттық қатынас орнатуға ортадағы Бұхара хандығы үнемі кедергі келтіріп отырған. Бұл үшін, негізінен, қазақ тайпалары мекен еткен Сырдарияның оң жағалауындағы қалаларға иелік ету керек еді. Ташкент, Түркістан, Әндіжан, Сайрам, Сығанақ, Созақ, тағы басқа ірілі-уақты қала, жайлар үшін шайқастар Есім ханнан да бұрын болған. Бұл қалаларды қазақтардан тартып алу күресін Бұхара хандығы да тоқтатқан емес. Әсіресе, Имамқұли (1611-1642) тұсында Бұхара хандығы күшейіп, 1612 жылы Қазақ хандығына жойқын жорық жасайды да, Түркістанды баса-көктей өтіп, Қаратау етегіне дейін жеткен. Жол-жөнекей ауылдарды өртеп, мал-жандарын талан-таражға ұшыратқан. Ташкентті басып алып, оған Имамқұли өз баласы Ескендірді билеуші етіп қояды. Бірақ хан кетісімен Ташкент халқы бас көтеріп, Ескендірді өлтіріп тастайды. Мұны естіген Анвар Имамқұли көп әскерімен қайта оралып, Ташкентті бір ай қоршаған соң зорға алады да, халқын құлақ естіп, көз көрмеген қырғынға ұшыратады. Қалмақ жорығында жүрген Есім хан кері қайтып, бұхаралықтарды Ташкенттен қуады, кек қайтару үшін Самарқант аймағын шабады. Оған қарсы аттанған Имамқұли ханның әскерін тас-талқан етіп жеңеді. Бұхараға қашып тығылған Имамқұли хан енді қазақ сұлтандарынан жақтас іздей бастайды. Мақсаты - араларына іріткі салып, Есім ханның көзін жою-тұғын.

Бұл кезде Ташкентті қазақ сұлтаны Тұрсын билеп тұрған. Есім ханның ел ішіндегі беделін, асқан абыройын іштей қызғанып жүретін Тұрсын Бұхара ханының ниетін тез түсініп, Сырдария жағасында екеуі астыртын келіссөз жүргізеді де, Есім ханды жоюдың жоспарын жасайды. Қазақ ханы бұл кезде моңғол билеушілерінің, қырғыз манаптарының өзара қырқысуын тыю үшін шығыс аймақтарда жүрген.

Тұрсын ханның түп атасы түсініксіздеу. Толық есімі Тұрсын Мұхаммед-сұлтан. Орыс жазбаларында Шығай ханның ұлы, Есім ханның туысы делінген. Махмуд Уәли "Бахр Ал-аср" атты еңбегінде: "Ол Жалым сұлтанның баласы еді", - дейді. Жалымды екі ұлымен бірге, жоғарыда айтқанымыздай, Ташкент билеушісі Баба сұлтан өлтірген. Бұл зұлым өзінің қайын атасы, қазақтың ұлы ханы Хақназарды да екі ұлымен қоса жансыздары арқылы жайратқанын білеміз. Ал Жалым сұлтан қайдан шықты - ол жағы тағы мәлімсіз. Кейбір зерттеушілер Әз Жәнібек ханның ұлы Қасым ханның баласы болуы мүмкін дегенді айтады. Енді буреулер Шығай ханның ұрпағы, яғни Есім ханның туысы етіп көрсетеді.

Қалай дегенмен Тұрсын сол тұста Ташкентті билеп, күллі қазаққа хан болуды армандап жүрген. Бірақ жолында Еңсегей бойлы Ер Есім тұр. Тұрсын жалғыз Ташкентте емес, Біскент, Түркістан, кейде Сауран, Әндіжан, Шахрухийя сияқты үлкенді-кішілі қалаларға да қожалық ететін. Есім ханмен бірігіп соғысқанда өзінен әлденеше рет жеңілген Имамқұли көмектесем деген соң үміт оты жана бастағанды.

Бұл туралы болашақ Хиуа ханы және танымал тарихшы Әбілғазы былай деп жазады: "Мен қазақтардың ішіне бардым. (Бұл - 1625 жыл шамасы). Түркістандағы Есім ханның сарайында үш ай тұрдым. Бұл кезде қазақтардың үлкен ханы Тұрсын еді. Ол Түркістанға Ташкенттен келді. Есім хан мені үйде қалдырып, Тұрсынмен кездесуге кетті. Тұрсын ханмен сөйлескен соң Есім мені өзімен бірге алып жүріп, ханға таныстырды да, былай деді: "Мынау Жәдігер ханның ұрпағы - Әбілғазы. Бұған дейін бізге ол әулеттен ешкім қонаққа келмеп еді, ал біздің кісілер бұларға талай барған. Енді сіздің қасыңызда болғаны жөн деп білемін". "Жарайды, - деді Тұрсын хан, - айтқаның болсын". Ол өзімен бірге мені Ташкентке алып жүрді. Ташкентте, Тұрсын ханның жанында екі жыл болдым. Екі жыл өткен соң Есім Тұрсынды өлтіріп, оның қатағандарын қырып тастады. Сонда мен Есім ханға былай дедім: "Мен сіздер жаққа екі ханнан маған қандай пайда тиер екен деп келіп едім, ал өздеріңдегі жағдай мынау. Енді маған Бұхараға, Имамқұли ханға аттануыма рұқсат етіңіз". "Жарайды, - деп жауап берді Есім хан, - жүре бер". Мен Имамқұли ханға қарай аттанып кеттім".

Қазақ сұлтандарының өзара қырқысы және Тұрсын ханның өлімі жайында Махмуд Уәлидің "Бахр Ал-аср" атты кітабының алтыншы томындағы төртінші бөлімінде мынандай баяндаулар бар: "Сол жылдары, яғни 1036 хижрада (1626-27-жылдары) Есім сұлтан қалмақ жұртын шаппақ болды. Ол өз туының астына барша алаштан және ұлыстың басқа да бағынышты тайпаларынан, сондай-ақ, Тұрсын сұлтанға сүйеу болған қатағандардан да әскер жинап, Моңғолстан шетіндегі қалмақ мекен-жайларына ойран салды. Сол уақытта өзінің негізгі саяси бақталасын құрту кезегін көздеп жүрген Тұрсын сұлтан Түркістан маңайындағы Есім ордасын ойрандап, қалған кісілерін қыру үшін әскер жасақтады. Жасақ жауынгерлері ордаға басып кіріп, талай адамды өлтірді. Есім сұлтанның әйелдері мен балаларын барша жасау-жабдығымен Ташкентке алып кетті. Бұл табысқа масаттанған Тұрсын енді Есім ханның көзін жою қамына кірісті. Мақсаты - күтпеген жерден соқтығып, өзін жол үстінде ұстау. Осындай зұлым оймен ол өз әскерін бастап, Есім сұлтанның алдынан шықты. Екі жақ Сайрам маңайында бетпе-бет келіп, "шайқас отын тұтатты". Тұрсын сұлтанның әскері жеңіліп, Ташкентке қарай шегінді".

Тарихи деректерде Ташкент түбіндегі екінші шайқаста Тұрсынды өзінің жақындары өлтірді делінген. Есім хан Тұрсынның басын кесіп, Имамқұли ханға жібереді. Өзінің бақталасы, опасыз Тұрсынның өлгеніне қуанды ма, әлде Есім ханның өзінен қорықты ма - Бұхара ханы оған Ташкентті, Түркістанды, сол маңайдағы қорғаны бар ауыл-мекендерді "сыйлаған".

Тұрсын өлген соң екінші рет ұлы хан болып қайта сайланған Есім сол заманның қатал салты бойынша өзіне қарсы шыққан қатаған тайпасын аямай жазаласа керек. Замандасы Махмуд ибн Уәлидің жазуына қарағанда, Есім де көп ұзамай, өз ажалынан өледі. Денесі Қожа Ахмет Йассауидің мешіті маңайына жерленген. Кезінде моласының үстіне шағын да болса айрықша кесене орнатылса керек, бүгінде ол жермен-жексен болып жатыр. Егеменді мемлекетіміздің жағдайы жақсарып, қаражат жиналса, Есім сияқты елім деп еңіреген ердің басына орнатылған сол кесенені қалпына келтірген жөн.

Категория: Реферат | Добавил: Beibarys
Просмотров: 2803 | Загрузок: 0 | Комментарии: 2 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 2
2 фывфвфыв  
0
что это?

1 фывфвфыв  
0
фвфвфывasdasd

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Бөлім
Поиск

Www.Sak.clan.su © 2024
Создать бесплатный сайт с uCoz