Пятница, 29.03.2024, 04:56
Приветствую Вас Гость | RSS

Қазақша рефераттар сайты

Кітапхана сайты
Меню сайта
Категории раздела

Каталог файлов

Главная » Файлы » Реферат

ӘЙТЕКЕ БИ
02.03.2013, 15:42

Әйтеке Байбекұлы - қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері. Әлім тайпасының төртқара руынан шыққан. Әмір-Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының бесінші ұрпағы. Бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ жұрты "Синесоф буа" (жаны пәк жан) атаған Сейітқұл әулиенің үшінші ұрпағы. Әбілқайыр ханға дейін Кіші жүздің сөзін ұстаған қазақтың биі. Есім хан тұсында Самарқанды билеген Жалаңтөс батырдың жақын туысы. Әйтеке бес жасында молдадан оқып сауатын ашқан.

Шешендік қасиетінің ашылуына әкесі мен Қосуақ бидің ықпалдары тиеді. Жеті жасынан бастап Әйтеке Жалаңтөс батыр мен атасы Ақша ханның тәрбиесінде болады. Ол алғаш Ұлықбек медресесінде, кейін Жалаңтөс салдырған әйгілі "Тіллә-кари" (Алтынмен апталған), "Шердор" (Арыстанды) медресесінде білім алады. Нәтижесінде дін, құқық, аспан әлемі, тарих, математика пәндерін, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін меңгеріп шыққан.

Ақша бабасынан елшілік, ел басқару жолдарын үйренеді. Ал Жалаңтөс әскери қолбасшылық дағдыларына үйреткен.

Медресені тамамдаған Әйтеке туған ауылына оралып, әкесімен ел басқару істеріне араласа бастайды. 21 жасында Бұқара мен Самарқан төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақтардың бас биі болады. Ал жиырма бес жасында Кіші жүз халқы оны бас би етіп сайлайды. 1680 жылы Салқам Жәңгірдің ұлы Тәукені хан етіп сайлауға айрықша ат салысады. Кейін Тәуке хан құқықты "Хан кеңесін" сайлап, Әйтеке Кіші жүз атынан осы кеңестің мүшесі болып сайланған. Осы тұста елге жаңа заң үлгілерін жасау керек болды. Тәуке хан, Әнет баба, Соқыр Абыз, Майлы, Төле, Қазыбек т. б. билердің қатысуымен 1684 жылы "Жеті жарғы" қабылданды. Бұл заңдар жинағы қазақ қоғамындағы феодализмді нығайту бағытында маңызды рөл атқарды.

Әйтеке ресми түрде хан кеңесшісі болды. Ол орталықтандырылған біртұтас қазақ хандығын құру жолында белсене атсалысты. Төле және Қазыбек билермен бірге Тәуке ханнан Абылайға дейін қазақ мемлекеттігінің эстафетасын алып өткен секілді. Қазақ елінің үш жүзінің бірлікте, тату өмір сүруінің қамын ойлаған қамқоршы болды. Өзін дана, әділ би, аузы дуалы шешен, ішкі және халықаралық күрделі мәселелерді шешуде төреші, жоңғар басқыншыларына табанды қарсылық көрсетуді ұйымдастыру жолында үлкен үлес қосқан озық ойлы қайраткер ретінде таныта білді.

Әйтеке би 25 жасынан бастап Кіші жүздің бас биі ретінде алғашында Ордабасыда, сонан кейін Күлтөбе мен Ұлытауда жыл сайын өткізілетін үш жүздің басшылары мен беделді адамдары бос қосқан жиындарға тұрақты қатысып тұрады. Тәуке ханнан бастап дәстүр тапқан бұл жиындарда ұлт бірлігін нығайту мәселелері талқыланып, жүздер мен рулардың арасындағы өзара келіспеушіліктен туындайтын даулар шешілетін болған. Қызу айтыстартыстар ушығып кетер тұста тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні іспетті жұрт тоқтасар бәтуаны Әйтеке би айтады екен.

"Жеті жарғыда" Әйтеке ұсынған баптардың ішінде - "Сүйек құны", "Өнер құны" белгілі. 1685 жылы Әлі сұлтан мен қарапайым халық арасындағы үлкен жанжал дауға айналып кете жаздайды. Әлі сұлтанның тентек ұлы бір кедейдің сұлу, ақын, әнші-домбырашы қызына дегеніме көнбедің деп өшігіп, бір күні қыз қызыл орамал тартып, үйден ұзай бергенде, бүркітін шүйітіп, қастандық жасайды. Бүркіт қыздың басын мылжалап өлтіреді. Ашынған ағайындары төреден құн сұрайды.

Әлі сұлтан оларды маңына жолатпай, барған билерді ит қосып қуып жібереді. Ақыры ел арасы екіге жарыла бастайды. Ең соңында құн сұраушылар жағы Әйтеке биге келіп өтініш жасайды. Ол қасына сіргелі батыры Қазыбекұлы Жабайды, байбақты батыры Шоланды ілестіріп Әлі сұлтанға барады. Әйтекенің айбарынан ығысатын Әлі сұлтан амалсыз құн төлеуге келіседі. Әйтеке қыз құнына қосымша оның өнерлі екенін айтып, "өнер құнын" және қыздың жоқтаушыларын келеке қылып, сүйек сындырғаны үшін "сүйек құнын" төлеуді талап етеді. Бұл екі құнның әрқайсысы негізгі құнның жартысына тең екен. Сөйтіп, Әйтекенің қаһарынан қаймыққан Әлі сұлтан толық екі құн төлеуге мәжбүр болады. Бұл оның ата дәстүр-салтына жетіктігімен бірге, өнерлі адамға айрықша құрметін көрсетеді.

Ел аузында Әйтеке айтқан билік, шешендік сөздер, толғаулар, баталар көп сақталған. Биді халық "айыр тілді Әйтеке" деп атаған.

Әйтеке қайтыс болғаннан кейін Нұрата тауы маңын мекендеген төртқара ауылдарының көпшілігі Сыр бойына көшіп кеткен. Одан тараған алтыншы-жетінші ұрпақтары мен аталастары Қызылорда, Ақтөбе облыстарында, бірқатарлары Өзбекстандағы Нұрата ауданында тұрады. Ақтөбе облысының бұрынғы Қарабұтақ және Комсомол аудандары біріктіріліп, қазір Әйтеке ауданы аталады. Қазақстанның ірі қалаларында Әйтеке би аты көшелерге берілген.

Ол Ташкенттен 75 шақырым жердегі Қауыншы және Шыназ ауылдарының маңында жерленген.

Категория: Реферат | Добавил: Beibarys
Просмотров: 1154 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Бөлім
Поиск

Www.Sak.clan.su © 2024
Создать бесплатный сайт с uCoz