ХАқНАЗАР ХАН - Реферат - Каталог файлов - Пайдалы ақпарат порталы - Sak.clan.su
Вторник, 06.12.2016, 11:13
Приветствую Вас Гость | RSS

Қазақша рефераттар сайты

Кітапхана сайты
Меню сайта
Категории раздела

Каталог файлов

Главная » Файлы » Реферат

ХАқНАЗАР ХАН
02.03.2013, 17:53

Қазақ хандығының тарихын жазған деректерде Қасымұлы Хақназардың (Ақназардың) хан тағына отырған мерзімін 1538 жыл деп көрсетеді.

XVI ғасырдың екінші жартысында Хақназар хан қазақ хандығын қайта өрлеуінің басында тұрған кемеңгер басшы болды. Ол жекелеген сұлтандар билігіне бөлініп кеткен Қазақ хандығын бір орталыққа біріктірді. Хақназар қазақтардың ғана басын біріктіріп қойған жоқ, сонымен бірге ол ноғайдың, қалмақтың, башқұрттың, өзбектің, моғолдың, қырғыздың біраз бөлігін өз хандығының құрамына ендірді. Хақназар Жайықтың сол жағалауын қосып алып, ноғай ұлыстарының бір бөлігіне билік жүргізді. XVI ғасырдың елуінші жылдарында Қазақ хандығының бірнеше майданда әрекет жасауы, дәлірек айтқанда Тәуекел сұлтан бастаған қазақтардың 1554 жылы шығыста қалмақтармен соғысуы, 1555 жылы оңтүстік шығыста Хақназардың моғолдармен соғысып, Абд ар-Рашид баласы Абд ал-Латиф ханды өлтіруі, оңтүстікте Ташкент әміршісі шайбанилық Барақ ханды үш жыл бойы (1555-1558) үрейде ұстауы, батыста ноғайдың мырзасы Алшы Смайылға қауіп төндіруі Хақназар басқарған елдің қаншалықты күшейгенін көрсетсе керек.

Сібір ханы Көшімнің қастық әрекетіне қарсы өзбек ханы Абдолламен одақ құрып, бұрын қолынан шығып қалған Сауран мен Түркістан қалаларын қайтарып алды.

1573 жылы орыстың бірінші патшасы Иван Грозный Хақназар ханға Т. Чебуков бастаған елшілік жіберді. Орыс патшасын бұған итермелеген өз құлқыны болды. Қазақ хандығы Орта Азияға шығар жолдың қақпасы іспеттес болса, сол қақпаның кілті Хақназардың қолында еді. Осы кілтті қолға түсіру орыс патшасының түпкі мақсаты болды. Қазан мен Астрахань хандықтарын қосып алғаннан кейіне Еділ бойына толық өз бақылауын орнатқан Ресей Ноғай ордасы мен Сібір хандығын бағындыруға кірісті.

Қазақтардың Қасым хан заманынан бері Ташкент үшін таласып, шайбанилықтармен талай соғыстардың болғаны жайында сол кездегі елшілердің хабарлама-құжаттарында әлденеше рет көрсетілген. Өзбек ханы Абдолла бақталасы Ташкент билеушісі Барақ атанған Баба сұлтанды қазақтардың көмегімен жолынан тайдырмақ болса, Хақназар осы бақталастықты пайдаланып, шайбанилықтарды өзара қырқыстыру арқылы ата жауының көзін құртуды көздеген. Бұл - Хақназардың хандығын күшейту жолындағы саясаткерлік қызметінің бір көрінісі. Осы Баба Сұлтан кейін Бұзахұр сұлтан арқылы Хақназар ханды өлтірген.

Қазақ жүздерінің бөлінуі жөніндегі халық аңыздарының Хақназар есімімен байланысты екенін ғылым да жоққа шығармайды.

Қазақ жүздерінің Хақназар тұсында пайда болғанын ауыз әдебиетіміздің асыл мұраларының бірінде:

"Алаштан қазақ тараған,
Ноғайлыға қараған.
Жауға алдырмай ноғайлар,
Бір-біріне жараған.
Ноғайдан қазақ бөлініп,
Үш жүз болып тараған" -,

деген тарихи жолдар дәлелдей түседі. Алғашқы жол қазақтың тегі алты алаштың бірі екенін меңзесе, екінші жол қазақ хандығы ыдырап елді жекелеген сұлтандар бастап қазақтардың Ноғай ордасына қарап кеткен кезін көрсетеді. Шумақтың үшінші, төртінші жолы құлауға айналған хандықтың елін еншілеп, жерін кеңейтіп алуға ұмтылған қырда қалмақтардың, ойда шайбанилықтар мен моғолстандықтардың әрекетінен көрініс береді. Бұл жоғарыда айтылған Хақназар бастаған қазақтардың төрт тарапта майдан ашып жүрген кезіне тұспа-тұс келеді. Және Ноғай ордасының орыс бодандығына қарап, Қазақ хандығынан біржола ірге ажыратқан кезінен хабар береді. Міне, қазақ жүздерінің де пайда болған кезі осы тұсқа келеді. Жырау жырлаған "Ноғайдан қазақ бөлініп, үш жүз болып тараған", - деген жолдар осыған куә.

Категория: Реферат | Добавил: Beibarys
Просмотров: 620 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Бөлім
Поиск

Www.Sak.clan.su © 2016
Создать бесплатный сайт с uCoz