Среда, 24.04.2024, 09:27
Приветствую Вас Гость | RSS

Қазақша рефераттар сайты

Кітапхана сайты
Меню сайта
Категории раздела

Каталог файлов

Главная » Файлы » Реферат

ҚОРқЫТ
02.03.2013, 15:47

Қорқыт - бағзы замандарда өмір сүрген бабаларымыздың бірі.

Ол - қобыз атасы, сазгер, жыршы, ақын, бақсылардың қамқоршысы.

Ұлы бабамыз шамамен VIII-IX ғасырларда Сыр бойында туып-өскен. "Қорқыт ата кітабы" әдеби ескерткіштерінен, тегі түрік оғыз тайпасынан шыққандығын білуге болады. Ол - Орта Азия халықтарына және басқа түркі тектес халықтарға ортақ тұлға. Әкесінің аты - Қарақожа. Шешесі қыпшақ тайпасынан.

Әріден қозғасақ, Әбілғазының "Түрік шежіресі" мен Рашидәд-Диннің "Жамиғ ат-тауарих" Қорқыт туралы айтылады. Әбілғазы "Қорқыт бес ханға уәзір болды", Рашидәд-Дин оның "ұзақ өмір сүргенін" баяндайды.

Ш. Уәлиханов Қорқыттың балгерлігі, ақындығы, музыкалық өнері жайында құнды пікірлер қалдырған. М. Әуезов пен Ә. Марғұлан да Қорқыт туралы тамаша пікірлер жазған. Ұлы бабаның өмір туралы философиясы мен ажалмен алысқан аңыздарында, оптимистік сарын жатқанын тілге тиек етеді.

Қорқыт - қобыз арқылы музыка өнерінің негізін салған ұлы сазгер әрі жыршы. Сонымен бірге, ел басқарған данышпан, қасиетті әулие. Аңыздарға сүйенсек, ол өзгеше бір музыкалық аспап жасау үшін ойланып-толғанып жүреді. Бір күні қалғып кеткен оған періштелер аян береді. "Ағаш аспапқа түйенің көнін қаптап, жылқының қылынан шек жаса", - дейді. Соны орындап, әлгі аспапты қолға алып тарта бастағанда керемет бір әуен шығады. Содан бері "Қорқыттың қобызы" деген сөз қалған. Ол қобыздың музыкалық дыбысталуынан үшкіру, ауа, сиқыр өткізген.

Қорқыттың дүниеге келуі де ғажайып сырға толы. Оны анасы босанарда аспанда күн тұтылып, дүниені қараңғы түнек қаптап, жауын-шашынды дауыл соғады. Күшті күн күркіреп, найзағай ойнайды. Жұрттың есіл-дерті қалмай қорқып, зәресі ұшады. Қорқыт жарық дүниеге келгенде, әлгіндей табиғат құдіреті бірден тоқтап, әлем шайдай ашылады, мамыражай бір тып-тынық күй орнайды. "Апырмай, бұл бала дүниеге жұртты шошындырып, қорқыта келді ғой, соған орай есімін де Қорқыт қоялық", - деседі жұрт...

Уәлихановтік-Потаниндік түсіндірме "қорқыт" сөзі - адамзат тұрмысының жағдайын көрсететін "қорқыту" сөзінен шыққан деп Қорқыт жайындағы аңыз әңгімелер Ә. Науаи арқылы белгілі болып, түркі халықтары, әсіресе қазақтар арасында кең тарады.

Қорқыттың пайымдауынша, адамдар адамилық қасиеттерін сақтап қалу керек. Адам үшін ең қауіптісі - адамилықты жоғалту. "Қонақ келмес үйдің қирағаны жақсы, жылқы жемес шөптің шықпағаны жақсы, адам ішпес ащы судың ағысты жылғаларды қумағаны жақсы, атаның атын былғайтын ақылсыз ұлдың тумағаны жақсы". "Адам қанша қажетсінгенімен, ол өз үлесінен артық жей алмайды". Сол аңыздарда Қорқыт жер-жаһанды кезіп, "басқа елден әркімге өз елінде жақсы" деген ой түйіндегенін байқауға болады. Оның айнымас досы, сиқыршы Желмаясы болды.

Қорқыттың күй мұрасынан әзірге белгілі жиырма шақты шығармасы ғана. Күйтабаққа түсіріліп, жазылып алғаны он бір. Әр күйдің өз тарихы бар. Мысалы, "Қорқыт" күй туралы аңызда өлмес өнер жасап, өліммен күресу жайында оқиға бар. Сырдария суының бетіне кілем төсеп, күндіз-түні қобызын сарнатқан Қорқыт өлімді келтірмейді. Бұл арман-мұратының, философияның нағыз өнер арқылы көрінуі. Ол тек Қорқыттың ғана қолынан келген.

"Қорқыт ата кітабы" - кейіннен түркі халқының құрамына қосылған оғыз тайпасының эпикалық жазба ескерткіші. Кітап оғыздардың өмірі жайында баяндайды. Оғыз-қыпшақ тайпаларына ортақ тілде жазылған. Кітаптың араб әрпімен жазылған екі нұсқасы сақталған (Дрезден, Ватикан). Әр жырдың өзіндік сюжеті бар. Олардың әрбірінде көріпкел, тайпа көсемі, ақылгөй Қорқыт ата бейнесі берілген. Әрбір жырдың соңы Қорқыт атаны мақтаумен аяқталады. Кітап ақыл-өсиет, мақал-мәтел, нақыл, шешендік сөздерге толы.

Бір қызығы, мұнда Қорқыт әрі автор, әрі кейіпкер ретінде көрінеді. Еңбектің басқалардан ерекшелігі де осында. Жырдың кіріспесіндегі: "Баят руында Қорқыт ата дейтін білікті, сәуегей адам болыпты. Тәңірі зердесіне салған соң, оның барлық болжамдары қатесіз болған... оғыз тайпаларында Қорқыт ата ең қиын деген мәселелерді шешкен. Қандай ғана қиын іс болмасын Қорқыттың ризалығын алмай, ел ешбір жұмысқа қол ұрмаған. Ел оның барлық өсиетін бұлжытпай орындаған" деген сөздерден-ақ біраз жайды аңғаруға болады.

Ә. Қоңыратбаев "Қорқыт жырларын" ондағы шежірелік арқауға орай үш кезеңге бөлген:

  1. Оғыз-қыпшақ ұлысының ұйымдасу кезеңін суреттейтін жырлар.
  2. Түрікмендер мен пешене тайпалары арасындағы 34 жылға созылған алалықты суреттейтін жырлар.
  3. Оғыз-қыпшақ ұлысының ыдырауын білдіретін жырлар.

Ондағы оқиғалар Сыр бойында, Орта Азия, Кавказ жерлерінде өтеді. Одан кең даланы мекендеген рулардың құралу, ыдырау тарихы аңғарылады. Бамсы-Байрақ жыры Алпамыспен ұқсас болса, Үсүн қожа - қазақтың үйсін тайпасының атасы. Қорқыт ата жайындағы аңыздар қазақ, қырғыз және т. б. түркі халықтарының арасында сақталған.

Кітапта қазіргі қазақ тіліндегі географиялық атаулар көптеп кездеседі. Бұл кітаптың қазақ этносына енген әртүрлі түркі тайпалары мекен еткен қазіргі Қазақстан жерімен тығыз байланысты екенін дәлелдейді. "Қорқыт ата кітабы" түркі халықтарының тарихи ескерткіші болып табылады.

Мұраның орыс тіліне толық аудармасын В. В. Бартольд 1922 жылы жасады, ол 1962 жылы жарық көрді. Ал қазақ тіліне аудармасын Ә. Марғұлан, Н. Келімбетов, Ә. Қоңыратбаев сынды қазақ ғұламалары 1986 жылы басып шығарды.

Қорқыт туып-өскен қазіргі Қызылорда облысының Төретам станциясынан бес-алты шақырым жерде, Сырдарияның жағасында мазар бар болатын. Мазарды зерттеуші Ә. Диваев 1929 жылы суретке түсірген. Ол жерде Қорқыт атаға арналып, архитектуралық ескерткіш орнатылды. Ескерткіш зәулім қобыздың формасында жасалды. Авторлары - архитектор Б. А. Ыбыраев, физик С. И. Исатаев. Ескерткіш темір бетоннан жасалған 4-тік көктастан (стеладан) тұрады, биіктігі 8 м. Жоғары жағында ауыз кең түтіктер орнатылған. Аузы кең орталық тесікке келіп түйісетін 40 металл түтік жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Ол сарын Қорқыт қобызының үнін еске салғандай. Бұл жер шетелдерден келген туристердің барар жеріне айналды.

Категория: Реферат | Добавил: Beibarys
Просмотров: 1029 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Бөлім
Поиск

Www.Sak.clan.su © 2024
Создать бесплатный сайт с uCoz