ЖАЯУ МұСА БАЙЖАНұЛЫ - Реферат - Каталог файлов - Пайдалы ақпарат порталы - Sak.clan.su
Суббота, 03.12.2016, 14:39
Приветствую Вас Гость | RSS

Қазақша рефераттар сайты

Кітапхана сайты
Меню сайта
Категории раздела

Каталог файлов

Главная » Файлы » Реферат

ЖАЯУ МұСА БАЙЖАНұЛЫ
02.03.2013, 17:38

Мұса Байжанұлы бала кезінен ауылдағы молдадан оқып, сауатын ашса да бұл білімінің аз екенін ерте сезеді. Өзі туып-өскен өлке - қазіргі Павлодар облысының Баянауыл, Жасыбай көлі жағасынан әлде қайда алыста жатқан Қызылжар қаласына қатынаған жолаушыларға ілесіп, үлкен өмірге қол созады. Бір саудагер ноғайдың үйінде самаурыншы болып жалданып, бос уақытында орысша оқиды. Қала жағдайы оған қатты әсер еткен.

Үш жылдың ішінде арабша да, орысша да едәуір сауатты жігіт атанады. Ойын-сауық кештеріне барып, орыстың, татардың музыкалық дәстүрімен танысады. Орыс ақын-жазушыларының кітаптарымен сусындап, газет-журналдар оқиды. Оқу-білімсіз өмірдің мәні жоқтығына көзі жетіп, азды-көпті жинаған қаржысымен үлкен қала Омбыға барады.

Мұнда Сұлтанғазы Абылайханов деген текті адамға жолығып, сол үйдің қызметін істей жүре біраз білімін толықтырады. Әр түрлі кештерге қатысып, концерт, театр қойылымдарын көреді, профессионалдық музыкамен танысады. Қызылжарда үйренген гармонь, скрипка ойнауын үдете түседі, үрлеп ойнайтын әскери оркестрді, орыс халық музыка аспаптарын тыңдайды... Әттең тек үйретуші жоқ, композиция құруға білімі жетпесе де табиғатынан зерек Мұса жоғары музыкадан әжептәуір хабардар болып шыққан.

А. Затаевичтің жазуына қарағанда, Жаяу Мұса шығармаларынан тек қазақ әуендері емес, "марш", "вальс", "мазурка" сияқты батыс музыкасына тән леп есіп тұратыны да содан болуға тиіс. Әсіресе, ол би музыкасына да қатты ден қойған.

Қызылжар, Омбы сияқты үлкен қалалардан тәлім-тәрбие алған Мұса жаз айларында еліне келгенде үстіндегі ықшам киімі, тек домбыра ғана емес, сырнайда, скрипкада ойнайтын өнері, қазақ ақындары ғана емес, орыс поэзиясының да кейбір үлгілерін жатқа білетіні, орыс жазушыларының шығармаларының мазмұнын қызықты етіп айта білетіні ауыл адамдарын, әсіресе, жастарды таң-тамаша қалдырады. Әшейінде ауыл үстінен ат ойнатып өтетін орыстармен емін-еркін сөйлесуі, заң-законды жақсы білетіні ауылдағы атқамінерлердің аузын аштырады.

Ел ішіндегі ақсүйек, шонжарлардың алдында "жаман Байжанның Мұсасы" емес, мұсылманша да, орысша да сауатты жігіттің еркінсініп, бұлғақтап жүргені "мен тәуірмін" дегендерді төмендетіп, бедел-абыройын кетіре бастағандай болады. Енді олар Мұсаның ел алдындағы беделін түсіруді ойластырады.

Баянауылда ол кезде Шорман атты атақты кісінің Мұса, Мұстафа деген екі баласы билік басында жүрген. Байжанның Мұсасында өзі мініп жүруге жарайтын жалғыз жақсы аты бар екен. Мұстафа: "Бір елге екі Мұса жүрмейді, сенің атың Жаяу Мұса болсын" деп, атын тартып алады. Бұл қорлыққа шыдамаған Мұса атақты "Ақ сиса" әнін шығарған:

Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса,
Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса.
Шорманның Мұстафасы атымды алып,
Атандым сол себепті "Жаяу Мұса".

Жаныма батқандықтан ашынамын,
Мен неге жаяумын деп басыламын?
Малым жоқ Шорман айдап алатұғын,
Қылығын Мұстафаның паш қыламын!

Мұндағы "паш қыламын" деген сөз әшкерелеймін, жария етемін деген мағынаны береді.

Жас жағынан қатар-құрбы болып келетін Шоқан Уәлиханов Жаяу Мұсаның жан-жақты өнеріне, білім парасатына сүйсініп, өзімен бірге алып жүрген. Қазақстанның оңтүстігін Қоқан ханы езгісінен құтқарамын деп уәде бере тұра, жай халыққа аса қатігездік көрсеткен, кейін генерал атағын алған орыс полковнигі Черняевтің әскерінде екеуі бірге жүргенін білеміз. Бірақ олар Черняевтен көңілі қалып, Шымкентке жетпей қайтып кеткен. Шоқан бұрынғы Талдықорған облысының жерінде қаза болады, ал Мұса еліне қайтқан.

Бізге оның әндері қымбат. Әр жағдайға байланысты шығарған: "Құлбай", "Шолпан", "Тұрымтай", "Сапар", "Көгаршын", "Хаулау", "Сұрша қыз", "Гауһар қыз" сияқты құрылымы ерекше әндері халықпен бірге жасап келе жатыр.

Категория: Реферат | Добавил: Beibarys
Просмотров: 2166 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 2.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Бөлім
Поиск

Www.Sak.clan.su © 2016
Создать бесплатный сайт с uCoz